Get Mystery Box with random crypto!

АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫ КӨШІРІЛГЕН ҚОЛЖАЗБАЛАР. І) МҮРСЕЙІТТІҢ 1906 | Дің жолы

АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫ КӨШІРІЛГЕН ҚОЛЖАЗБАЛАР.
І) МҮРСЕЙІТТІҢ 1906 ЖЫЛЫ КӨШІРГЕН НҰСҚАСЫ

Абайдың әдеби хатшысы Бікіұлы Мүрсейіт тарапынан 1906 жылы көшірілген қолжазба.
Абайтануда бұл қолжазба 1905 жылғы нұсқа деп есептеліп келді.
Оған себеп мұқабаның ішкі жағына араб әріптерімен «Абай өлеңдері. Абайдың әдеби хатшысы Бікіұлы Мүрсейіт көшіріп жазған қолжазбасы. 1905 жыл. 1/ІХ.61» деп жазылған. Бұдан қолжазбаның 1961 жылдың 1 қыркүйегінде қайта түптеліп, нұсқа туралы қысқаша мәлімет берілгенін аңғаруға болады.
Қолжазбаның бас жағында кейінгі түптеушілер тарапынан бұл нұсқаның 1905 жылы көшірілгені айтылғанымен де, даналық сөздер басталатын 129 бетте «Автор Ибраһим марқұм Құнанбайұлының қазақтың мінездері туралы айтқан сөзі мен насихаты, жәдігер Микәйіл Ибраһимұлына тиесілі, пайғамбарлардың соңының (яғни, Мұхаммед) һижретінің 1324 жылы, миләди 1906 жылы жазылды» деп, жәдігердің 1906 жылы көшірілгені ашып көрсетілген.
Соған қарағанда қолжазбаның көшірілу тарихын түптеушілер қате жіберген, немесе шығарманы көшіру 1905 жылы басталып, 1906 жылы аяқталған болуы мүмкін.
Қолжазбаның тарихы соңғы күнімен есептелетінін назарға алсақ, онда бұл қолжазбаны 1906 жылғы нұсқа деуге толық негіз бар.
Хұснихатшының әр қолжазбаны белгілі бір адамға арнап көшіретінін ескерсек, осы нұсқаның ішіндегі «жәдігер үшін тиішлі-дүр (тиесілі) Микәйіл Ибраһим ұлына» деген жазбаға қарап, бұл қолжазбаның Абайдың ұлы Микәйілге тиесілі екендігін аңғаруға болады.
Қолжазба екі бөліктен тұрады. Алғашқы жартысында ақынның өлеңдері берілсе ( 2-114 бб. арасы), екінші жартысында ақынның даналық сөздеріне орын берілген (129-200 бб.).
Қара сөздері төртке бөлініп жазылған: ғақлия, «Китәб тасдиқ», «насихат» және «Сохрат хакімнің сөзі».

Төрәлі Қыдыр