Get Mystery Box with random crypto!

Жаңа қазірде осы жерден репосттардан Темір Бектұр деген жігіт | Дің жолы

Жаңа қазірде осы жерден репосттардан Темір Бектұр деген жігіттің біздің байлар туралы постын оқыдым.
Оған жауап ретінде жазылған Ербол Мәндібек деген жігіттің де бір репосттан жазбасын оқыдым. Екеуі менде достықта жоқ екен, репосттан оқып отырмын.
Екеуі де керемет жазған.
Өте орынды, өзекті.
Оған қосарым, жалпы кез келген мемлекетте ұлттық буржуазия сол мемлекеттің экономикасының діңгегі болып саналады.
Баяғыда бабамыз Әлихан Бөкейхан гәзет шығарамыз, әскер құрамыз дегенде сақара аралап байларды бұл іске тартып өз ұлттық буржуазиясының негізін қалыптастырмақ болған. Өйткені онсыз ешқандай мемлекет болмайды.
19 ғасырдағы Әлихан соны түсінгенде, біздің сорымызға қарай оны 21 ғасырдағы Назарбаев білмей өткен екен. Кілең ұры қарыны қасына жинап алды.
Нәтижесінде бізде қазір ондай ұлттық буржуазия жоқ.
Біріншіден, өз қабілетімен емес, билік кланына жақындығын пайдаланып игілікке қол жеткізіп шикізат сатқан біздің жылпостарды ұлттық буржуазия өкілі деп айтуға тіл бармайды.
Екіншіден, "Форбс"' журналының тізіміндегі біздің кез келген бір сасықбайды алсаңыз, олар қазақ тілін білмейді.
Сенесіз бе, қазақстандық Форбс журналында қазақша сөйлейтін адам жоқ. Болса да бір қолдың саусағымен санарлық деңгейде біреулер бар шығар. Бұдан соң оларға қазақ руһы, намысы туралы әңгіме айту артық әрі оларды ұлтқа жақындату күпірлік болады.
Және бұлардың қылықтары да нағыз бір әйкәпірдің ісі.
2017- 19 жылдары, жоқшылықтың зардабын тартып қиналып кеткен, әлі де қиналып жүрген көпбалалы аналар әкімшілік ғимараттарын біраз шабуылдаған еді, оны өздеріңіз білесіздер.
Сол кезде бір байшікеш шығып оларға қол жәрдемін ұсынғанын көрмеппін.
"Ұлтымның санын көбейтіп жатырсыңдар ғой, қиналып кеттің бе қазағым" деп сөзге келген біреуі болмады.
Тізіліп алып яхталарында тайраңдап "день победы" деп билеп жүрді.
Өздерін "элита" атап, тоқалдан тоқал алып, ұрлықы дүниелерін долларлап шетке асырумен болды.

Темір Бектұр айтқан "байлардың ғылымды қаржыландыру" деген әңгімесі — ол болып толып жоғы бүтінделген халықтың, салауаты толысқан бай - мырзалардың ісі.
Оған біздің анадай шамалы ізгілікке қайырылып миы жетпеген (шикізат) торгаштарының шамасы келмейді.
Қайталап айтайын, ұлттық буржуазия бізде жоқ. Бізде соның рөлін ойнап жүрген арты былық, тойымсыз, түйсіксіз жылпос торгаштар тобы ғана бар.

Ұлттық буржуазия туралы бірер сөз...Ол не дерсіз..
Мысалы, әлемдік брендтерімен аты шыққан жапондардың ұлттық экономикасы осы өз экономикалық алпауыттарына негізделеді.
Жапон бизнес өкілі, ең алдымен ғылымға ақша салады. Өйткені жапонның озық ғылымы болмаса, идеясы болмаса онда ол жерде априори даму деген нәрсе болмайды.
Сондықтан жапон компаниялары өз жұмысын өнертапқыштар мен дарынды ғалымдарды іздеуден басталады екен.
Сондай мамандардың қалыптасуына аямай қаражат шығындайды мыс.
Мен бұл жерде олардың өз қызметкерлеріне жасаған әлеуметтік жағдайын айтпай - ақ қояйын. Ондай нәрсе біздің түсімізге де кірмейді.

Жапон алпауыты өз елінде елге салық төлеуден бастап, қарапайым жапоннан бесаспап маман дайындап шығуға міндетті.
Ол оның парызы.
Және жапон бизнес өкілі, алпауыты заты бақайшағына шейін ұлтшыл адам болады екен.
Жапон бизнесі — оны өз әлемдік компанияларының атауын жапонша қоюдан бастап, инвестиция салғалы барған жерінде де өз адамын шұбыртып өз ас үйін, шаштаразын, тігіншісін, күзетін ертіп жүреді екен.
Бір сөзбен айтсақ, сыртта да өз жапонына жұмыс беріп отырады екен.
Бұның бәрі оған сыртта өз елін жоқтатпау үшін керек міс. Жапон сыртта да өз ұлттық болмысын сақтау керек дегені.
Қарап тұрсаңыз жапон алпауытының өз елінің экономикасына пайдасы ұшан теңіз.
Осындай ұлт жанашырлары аталмыш төрт аралды сүйреп келеді. Жапонияны Жапония қылған осындай өз ұлттық буржуазиясы.

Менің түсінігімдегі ұлттық буржуазияның болмысы осындай.

Олжас Әбіл