Get Mystery Box with random crypto!

Парламентте не жаңалық, Шер-аға? Екі мыңыншы жылдардың басы м | Дің жолы

Парламентте не жаңалық, Шер-аға?

Екі мыңыншы жылдардың басы ма екен, ұмытыппын. Ақын Ұлықбек Есдәулет депутат Шерхан Мұртазаға “Парламентте не жаңалық, Шер-аға?” деген сұрапыл өлең жазады. Ол өлең “Егемен Қазақстанның” бірінші бетіне басылып шығады. Өлеңді оқыған парламенттегілер Шерхан Мұртазаға қатырып тұрып жауап жаздыртады. Былай қарасаң қазіргі қақсап жүрген “Еститін мемлекеттің” нақ өзі.

Енді қазір байқасақ тура солай ақырып тұрып жауап сұрар депутат та қалмаған сияқты. Тұлғадан тұл, қайраткерсіз құрам қарап отырсақ. Айтпақшы өлеңді тіркей салайын:

Парламентте не жаңалық, Шер-аҒа?

Шерхан Мұртазаға

Парламентте не жаңалық, Шер-аға?

Сатылмай ма масқара боп Жер-ана?

Бұл ғасырда жаңа туған шарана,

Өз жерiне өзi қожа бола ма?

Ағын судай ағып жатқан байлықтан

Бұқараға бiрер тамшы тама ма?

Парламентте не жаңалық Шер-аға?



Пора-пора алты айрықтан тер аға,

Депутаттар ден қойды ма додаға?

Аш аюдай қысқы ұйқыдан оянған,

Аунап-қунап әлде жүр ме далада?

Қазақтардың қайғы-мұңын кiм тыңдар

Қап арқалап қаңғып қалған қалада?

Парламентте не жаңалық, Шер-аға?



Қазақ тiлi қайғы жұтып қала ма?

Өзге тiлдер өрге жүзiп бара ма?

Тойғандар мен тоңғандардың арасын

Жалғайтұғын жаңа бiр тiл бола ма?

Қайран далам қырық дiнге жаутаңдап,

Храмдар мен шiркеулерге тола ма?

Парламентте не жаңалық,Шер-аға?



Ұят өлдi, ар қойылды молаға,

Ынсапсыз көз келер ме ендi тобаға?

Байлық дейдi,

Көрмегенге көсеу — таң,

Көсемдерден елге көсеу қала ма?

Ес кiретiн кез жеттi ме дегенде,

Шошқа үретiн шақ келдi ме қорада?

Парламентте не жаңалық, Шер-аға?



Заң дегенiң — өрмекшiнiң торы ма,

Жаралған тек шыбын-шiркей сорына?

Iрi жыртқыш iлiне ме ол торға,

Қырық жерден құрсаң дағы жолына?

Әлде әлдiлер пысқырмайтын болған ба,

Әдiлеттiң бары менен жоғына?

Парламентте не жаңалық, Шер-аға?



Сөзi менен iсi кетiп кереғар,

Билiктiлер мiнбелерден сөз алар.

Өрiстерге шегiрткенi өргiзiп,

Қаңырайды қойды аңсаған қоралар.

Ақ ниеттi қорғайтұғын заң қайда,

Аузыңды ашсаң жан-жүрегiң тоналар.

Парламентте не жаңалық, Шер-аға?

Фейсбуктен