Get Mystery Box with random crypto!

Қазақтың қонақжай болғанын еске салып, сол қасиеттен айырыла б | Yerzhan Abdraman

Қазақтың қонақжай болғанын еске салып, сол қасиеттен айырыла бастағанымызды айтып ұялтушылар көбейді. Тенгриньюс тарихшылардан пікір алып, қазақтың қонақжайлығы қайдан шыққаны туралы зерттеу мақала жазыпты. Аймағамбетовтің соңына шам ала түсіп, Саясат Нұрбекті мақтайтын Kozachkov offside телеграм-каналы ресейліктерді азық-түлікпен күтіп алған адамдарға сүйсініп қоймай жатыр. Шүкір, ата-әжелеріміздің қонақжайлығы генімізде әлі бар екен деп қояды.

Дуванов біздегі орыстардың саяси енжарлығын сынап жүретін еді. Көбі квартирант – Қазақстанда азаматтық қоғам құру үшін күреспейді, өздеріне ыңғайлы кезде Ресейге көше салады деп. Ол да бұл жағдайға іштей риза көрінеді. Мейірім деген жақсы қасиет қой дейді ол.

Жалпы, пікірлерді аз-маз сараптаған адамға қолдаушылардың дені кім екені көрініп тұр. Бәрі қазақтың қонақжайлығын қашқын ресейліктердің көшінен туған наразылыққа қарсы әдемі аргумент етіп алған.

Айта кететін нәрсе, қонақжайлық қазақтың өмір салтынан туған, ол көшпенді халықтардың көбіне ортақ нәрсе. Айдалада көшіп-қонып жүрген малшының өмірін ойлап көріңіз. Күнде көретінің осы ауылдағы бес-алты үйдің адамы. Одан сыртқы әлемде не болып жатқанын білмейді. Сол әлемнен хабар әкелетін кім? Ел аралап жүрген қонақ. Сен оның алдына тамақ, астына жұмсақ көрпе қоясың. Ол саған көрген-білген жаңалығын айтады. Бәленше қайтыс болды, түгеншенің жесір дауы былай тынды, бәленшенің асында түгеншенің аты бәйгеден келді. Қазақ қонақты осы себепті құрметтеген.

Екіншіден, патша өкіметі де, кеңес өкіметі де өзге халықтарды көшірген кезде қазақтың келісімін сұраған жоқ. Қазақтар зорлықпен жер аударылып, бейшара күйде келген кавказ халықтарына қамқорлық жасағанын білеміз. Ал қазақ жерінің ең құнарлысын иеленген қарашекпенді орыс шаруалары мен тың игерушілер ше? Оларға да солай қонақжайлық көрсетіп пе?

Үшіншіден, “қонақжайлық” салдарынан қазақ өз жерінде азшылыққа айналды. Жай азшылық емес, екінші сортты халық деңгейіне түсіп кемсітуге ұшырады. Тілі жойылуға шақ қалды.

Қазақ қонақжайлығын ұмыта қоймаса керек. Бірақ осы уақыт ішінде көрген құқайы да оның есінде. Өркениетті біз әкелдік, т…уды біз үйреттік деген сөздер қазір де айтылып жатыр. Келген ресейліктерден сұрап көріңізші, көбі Қаңтарда Қазақстанды Ресей құтқарып қалды деп ойлайды.

Путинге баяғыдан қарсы Виктор Шендерович деген белгілі ресейлік жазушы бар. Жақында шетелге кетуге мәжбүр болды. Өте ақылды адам. Сол Шендерович қазаққа қонақжайлықты Ресейден көшірілген орыстар үйретті деп ойлайды екен. Путиннің импершіл саясаты Ресейді құрдымға құлатқалы тұрса да, орыс шовинизмі ешқайда құрымаған. Құрымайтын да сияқты. Ендеше ресейлікке құшақ қая қоймадың деп қазаққа ренжудің не жөні бар?

Ал өкіметке келсек, оның бұл проблеманы шешетін белгілі саясаты да, мүмкіндігі де жоқ. Ол тіпті мұндай мәселе туындайды деп күтпеген. Сондықтан қазақтың қонақжайлығы туралы мақалалар мен тамақ үлестіретін акциялар ұйымдастыруға, аренда бағасын реттеу туралы миға сыймайтын тапсырма беруге мәжбүр.