Get Mystery Box with random crypto!

Украинаның қарсы шабуылы, Ресей әскерінің бейберекет шегінуі | Yerzhan Abdraman

Украинаның қарсы шабуылы, Ресей әскерінің бейберекет шегінуі

Украина үш күн ішінде Харьков облысындағы оккупацияланған территорияның жартысына жуығын босатты. Қарсы шабуылдың сәтті жүруінің бір себебі, Украинаның Херсон облысына шабуыл жасаймыз деген өтірік хабар таратып, Ресей әскери басшылығын алдап соғуы. Бұл туралы Guardian газеті өзінің эксклюзив мақаласында баяндайды.

Херсон облысына шабуылдан қауіптенген Ресей әскери бөлімдер мен техниканы дереу осы өңірге жөнелте бастаған және оның біразын Харьковтен жіберген. Украина керісінше Батыстан алдырған заманауи әскери техника мен қару-жарақтың көбін Харьковте шоғырландырған.

Осының және Харьковтегі Ресей әскерінің жайбарақаттығы нәтижесінде Украина әскері қарсылас шебін оңай бұзып, аз уақытта бірнеше селоны босатып, аймақтағы үлкен қала Балаклеяның іргесіне келді.

Ресейдің әскери блогерлері Балаклея қолға түсетін болды деп шулап жатқанда Украинаның әскер бөлімдері оны айналып өтіп, бірден Купянскіге жылжыды. Бірнеше дереккөз, оның ішінде тұрғындардың өзі Ресей әскерінің Балаклеяны тастап кеткенін хабарлады.

Купянск - теміржол торабына орналасқан стратегиялық маңызды қала. Оны алған соң Ресейдің шамамен он мың адамдық ірі әскери бөлімі шоғырланған оңтүстіктегі Изюм қаласына жол кесіледі. Қоршауға түсуден қауіптенген бұл бөлімдер дереуге қашуға мәжбүр болды.

«Шегіну де соғыс өнеріне жатады. Мысалы, біз шегінген кезде шабуылдаушы әскерді барынша көп шығынға ұшыратуға тырыстық» дейді Ресей әскерінің бейберекет қашуына таңданған украиналық әскери сарапшы Сергей Кузан.

Мұның алдында АҚШ өкіметіндегі дереккөздерге сүйенген бірнеше басылым қарсы шабуылды Украинаның америкалықтармен бірлесе жоспарлағанын айтқан болатын. Сонымен бірге сарапшылар Украинаға көмектің қандай түрі беріліп жатқанын АҚШ соңғы кездері ашық айта бастады дейді. Бұл енді бірақ басқа әңгіме.